«Көркемжан» атты деректі повесть бір қыздың өмірі туралы әңгімеленген. Мұнда, ашаршылық кезең, соғыс және соғыстан кейінгі жылдар суреттеліп берілген. «Той» деген әңгімеде жастардың басынан өткен хикаясы туралы айтылған. Екі шығарма да өмірде болған оқиғаның желісімен жазылған. Кейіпкерлердің есімдері өзгертіліп берілген.
К Ө Р К Е М Ж А Н
Таудың етегін жалғастырып жатқан ен далада еш жан көрінбейді. Анда-мында өсіп тұрған биік ағаштар мен исі аңқып, жанға шипа беріп тұрған жусанның бастарын самал жел ғана шайқап, ен далаға жан бітіргендей болады. Жайылған мал да, жүгірген ит те көрінбейді, тек қара қарғалар қарқылдап ұшып барып жерге қонады да бірдемені шоқып өздеріне қорек ететіндей дән тапқандай көрінеді. Бірақ мұнда дән қайдан болсын, жем жеген сиырдың тезегі де көрінбейді.
Күннің көзі төбеге көтерілгенде таудың етегінен түсіп келе жатқан бір адам көрінді. Бұл келе жатқан, шамамен алғанда 16—17 жасар бала еді. Киіп алған киімі де жұпыны және өз киімі емес екені байқалып тұрғандай. Кедей отбасынан шыққандығы да айдан анық. Сырт қалтасына салып алған бір уыс бидай дәнін анда-санда, «қалтасының жыртығынан түсіп қалмады ма екен» деп сипап қояды. Мына киіп алған киімі әкесінің киімі, өзіне далбалақтай кең болса да оның ер бала емес, қыз бала екені, анықтап қараған кісіге байқалып тұрғандай еді. Әкесінің «сенің қыз бала екеніңді ешкім сезіп қоймасын жаным. Біліп қойса жаман адамдар қиянат жасайды. Мына бір уыс қуырылған бидай дәнін талшық ет, жолда кездескен бөтен адамдарға жолаушы болма. Мына қиын-қысылтаң ашаршылық заманында аш адам не бір сұмдық істерге барады. Ондай адамдарға жолама. Біздің түріміз мынау, көпке бармайтынымыз анық, о дүниеге аттанамыз. Аман қалсақ кездесерміз. Есің барда ел ішіне барып өз күніңді өзің көр қарғам» деп айтқан әке өсиетін қыз ұмытқан жоқ. Жан-жағына жалтақтап қарап, көкжиекке қаншалықты көздерін тіксе де ауылдың шеті көрінер емес.
Бұл, елді малша қырып, ел басына күн туған 1932—1933 ашаршылық орын алған жылдар болды. Ашаршылық кезеңі Кеңестер Одағының талай аймақтарында қанатын кең жайып, орын алған еді. Мысалы, Қазақ жерінен басқа Украина, Белорусия, Солтүстік Кавказ елдері, Ресейдің Урал аймағы, дұрысын айтқанда қара топырақты аймақтар ашаршылыққа ұшырады. Өкімет біреулерінің малын тартып алса, басқаларының нанын тартып алған, елдің басына туған қиын-қыстаң жылдар болды. Талай адам ашаршылық кезінде қырылды.
Сонымен, Көркемжан қыз елге қарай бір талай жол жүргеннен кейін, аштықтан әлсіреп жатқан адамдарға кез болады. Аштықтан ісініп, аяқтарына тұра алмай жатқан бұл адамдар, мына келе жатқан жас балаға қарап қолдарын созады да «кел, қасымызға кел» деп әлсіреген үн шығарып, баланы жандарына шықырғандай әлсіз қолдарын бұлғап, белгі береді. Бірақ әкесінің ескертіп айтқандарын есінде сақтаған Көркемжан қыз ол адамдарға жоламай қаша жөнеледі. Ол, жақынырақ жерде өсіп тұрған қамыстың ішіне кіріп тығылып қалады. Өйткені ана аштықтан әлсіреп жатқан адамдар оны жеп қоюға да тайынбас еді. Әкесінің үйіне келген бір таныс адамдардан «аш адам кісінің етін жепті дегенді естіп жаным түршікті, Құдайдың өзі сақтасын мұндай сұмдықтан, танымайтын адамдарды үйлеріңе жолатпаңдар» деп айтқан сөздерін Көркемжан естіген еді. Ол қорққанынан осы қамыстың ішімен беті ауған жаққа жүріп отырады. Кеш батып, қас қарайады да Көркемжан осы қамыстың ішін паналап, түнеп қалады. «Қорққанға қос көрінеді» деп, қайбір ұйқтады ғой дейсіз, әйтеуір қалғып-шұлғып біраз тыныққандай болады. «Бәрін жастық жеңеді» деген дана сөз бар ғой ел ішінде, өзі жас болған соң, бойында жігер, алдына қойған мақсаты болған соң бұл қыз осы тығырықтан аман-есен шығуды ойлайды. Таң атады, Көркемжан қамыстың ішінен шығып жан-жағына қарайды. Ештеме түсінер емес, бір жағы тау, екінші жағы меңіреу дала. Шамамен алғанда ауылдың қай тұста орналасқанын болжап, қыз жолға шығады.
Келе жатып, егістікте бірдемені шұқылап отырған кісіні көреді де «бұл кісі не теріп жеп отыр екен?» деп ойлайды да қарны ашқан қыз сол кісіге қарай жүреді. Қарнының ашқаны сонша, әкесінің ескерткен сөздерін ұмытқандай еді. Сол кезде бір ер адам айқайлап бұларға қарай жүгіреді. Үстінде ұзын, қара, су өткізбейтін жеңсіз киімі бар. Қарны ашып, жол жүріп шаршағаннан, әлсіреген қыз шыңғырып жерге отыра қалады. Жаңағы жер шұқып отырған адам сол жерден жүгіріп қашып кетеді. Ал қара киім жамылған кісі айқайлап, жүгіріп келіп қызды екі бұтының арасына қысып, өзінің үстіндегі киімін Көркемжанның үстіне жаба қояды. Қыз не болғанын түсінбей, қорққанынан дірілдеп үнін шығармай қара жамылғының астында отыр. Ол тек иттің арсылдаған қорқынышты үні мен жаңағы кісінің ысқырғанын ғана естиді. Біреулер итке айқайлап келіп, әлгі қыздың үстіне жапқан киімді тістерімен жұлқылап, ырылдап арпалысып жатқан итті ұстап, мойнына жіп салып, алып кетеді.
Үстіне жапқан қара киімді алғанда ғана, қыз, бұзаудай үлкен, қорқынышты итті көреді. Иттің мойнына мықты жіп салып, бір адамдардың алып кетіп бара жатқанын қыз байқайды да, «мына кісі болмағанда мені мына ит жеп қояр еді-ау,» деп ойлап, жаны түршігіп, қорқып кетеді. Ол ішінен «біссіміллә, бір ажалдан аман қалдым, тәубә» деп Құдайына сиынып тәубәшылық етеді.
— Сен қайда бара жатқан жансың? Өзің ұл емес қыз балаға ұқсайсың — деп сұрайды жаңағы өзін иттен құтқарған кісі. Өзінің ұлты орысқа ұқсаса да қазақша сөйлеп тұр, — қарның да ашқан болар, жүр біздің үйге — деп Көркемжанның қолынан жетектеп өзінің үйіне алып келеді.
— Маруся, накорми эту бедняжку, нам будет помогать по хозяйству, ее чуть не порвала наша собака. Кто выпустил собаку? — дейді де өзі ертіп келген қызға қарап, — алдымен тамақтанып ал, содан кейін екеуміз әңгімелесеміз — дейді қызға жанашырлық танытып үй иесі.
— Я не знаю кто отвязал собаку, она была на привязи, хозяин — деді үй шаруасымен айналысып жүрген, жаңағы Маруся деген орта жастағы әйел. Ол табаққа ботқа салып дастарханға қойды, табақтың жанына бір тілім нан және су құйылған сапты аяқ қойды да — садись, похлебай каши, совсем ослабла бедная — деп, қыздың дастарханға жақын отыруын ыммен көрсетті.
Әбден қарны ашып, әлсіреп қалған қыз, әйелдің айтқандарын түсінбесе де, «отырып тамақ іш» дегенін ұқты.
Тамақ ішіп, бойына біраз әл жинаған қыздың жанына келген үй иесі столдың арғы жағында тұрған орындыққа отырып, қыздан жөн сұрай бастайды:
— Ия қызым, қайдан келесің, әке-шешең бар ма?
— Әкем де, анам да бар. Мен өз үйімнен келе жатқан жайым бар — дейді қыз үй иесіне қарап. Өзі ішінен «бұл қандай адамдар, аш адамдарға ұқсамайды, өзі, мендей басы ауған жаққа кетіп бара жатқан бөтен адамды бір өлімнен құтқарып қалды» деп ойлап, іштей қобалжып отырса да бұл кісілердің жаман емес екендіктеріне көздері жеткендей еді.
— Мұндай қиын заманда жолға жалғыз шыққаның не? Қайда бара жатыр едің? — деп үй иесі қызға жанашырлық танытқандай болады.
— Менің отбасым орташа шаруа адамдары. Әке-шешем таудың бір сайында өкіметтің малын бағып отырған еді. Содан, бір күндері өкімет адамдары бар малды айдап әкетті, сол малмен бірге әкемнің өзінің жекеменшік малы да кетті. Ол кісінің жан айқайын тыңдап жатқан еш жан болмады.
— Қиын болған екен қарағым, жалғыз сенің әкеңнің ғана малы емес, бар елдің малы кетті ғой. Бүгінгі саясат осы — деді біраз ойланып үй иесі, — өкінішті-ақ. Ата-анаңның сенен басқа балалары бар ма еді?
— Әке-шешемнің кіндігінен үш қыз, бір ұл бармыз. Үлкені мен кенже қыздарын, яғни менің әпкем мен кіші сіңілімді ағайынымыз «бізде бола тұрсын» деп, алып кеткен болатын. Ал үйде мен және менің інім қалдық.
— Әке-шешең мен інің қазір қайда? Сен неге жалғызсың?
— Әкем малынан айрылғаннан кейін жағдайымыз сонша болмады. Ел малмен күнін көреді ғой. Үйдегі барымызбен бір жыл жан сауғалап келдік. Өзіңіз де білесіз, ашаршылық ешкімді жарылқай қоймайды.
— Ия қызым, дұрыс айтасың, ол айдан анық. Сонымен, білейін деп отырғаның, отбасың аштықтан қырылып қалды ма? — деп сұраса да, үй иесі орнынан қозғалақтап өз сөзінен өзі шошынғандай болды.
— Жоқ, анам мен інім аштықтан ісініп дертке шалдықты. Ал әкемнің де жағдайы мүшкіл болатын, ол кісі маған «қызым, ең құрымаса сен аман бол. Сен есің бар да елдің ішіне бар, біздің түріміз мынау, көпке бармайтынымыз анық, о дүниеге аттанамыз. Өз күніңді өзің көріп, тірі қалуға талпын» деп, үйде қалған бір уыс бидайды қуырып, «мынаны талшық ет» деп қалтама салып берді де «аман болсақ көрісерміз, бөтен адамдарға жақындама. Ер адамша киініп жүр, қыз екеніңді білсе жаман адамдар қиянат жасайды. Қайда жүрсең де аман бол, сені бір жаратушыма тапсырдым жарығым» деп, әкем көзіне жас алып, маған ақылын айтып, ауыл жаққа баратын жолды көрсетіп жіберді, — Көркемжан қыз әңгімесін аяқтап, терең демін алып, үй иесіне үміт арта қарады.
— Е, қарағым-ай, қазір кімге оңай ғой дейсің!? Мына түріңмен қайда барасың?
— Мен өзімнің қайда, неге, кімге бара жатқанымды мүлдем білмеймін. Менің барар тауым да, басар жерім де жоқ — деп, қыздың қабағы түйіліп, мұңайып отырып қалды.
— Барар тауың, басар жерің болмаса, осында қал. Мен саған жұмыс беремін, сол үшін ішіп-жер тамағың және жатар орның болады. Бұған келісесің бе?
— Әрине келісемін, қандай жұмыс болса да істеймін! Бағана сіз менің өмірімді құтқарып қалдыңыз, алғысым шексіз, енді міне маған жұмыс бермекшісіз — қыздың қуанғаны сонша, жерден жеті қоян тапқандай бәріне де келісе кетті.
— Бағана көрген итті айтасың ғой. Мына қиын заманда ұрылар көбейіп, ондай қасқыр иттерді ұстамаса болмайды. Иттер малымды күзетеді, өзімізге де қорған болады. Мұндай иттерге бөтен ешкім жолай алмайды — деп, үй иесі мұңға толы көздерімен қызға қарады да — сен жассың, алдыңда не күтіп тұрғанын бір Құдай ғана біледі.
— Мен не істейін, мен бәріне де дайынмын?!
— Олай болса сен тезек таптайсың, тұратын орныңды көрсетейін, жүр! — дейді жаңағы үй иесі тегін жұмыс қолын тапқанына іштей қуанып.
Орта бойлы, денесі мығым келген үй иесі Көркемжанды үйдің артында тұрған ескі жер тамға ертіп келеді. Көркемжан қызды ертіп келген жері ескі монша болып шықты. Ескі, күтімсіз қалған моншаның қабырғалары талай уақыт сылақ көрмегендігі көрер көзге байқалып тұрды. Бірақ, Көркемжан осыған да тәубәшылық етеді. Жаңағы жер там екі бөлмелі екен, өйткені монша болған соң оның әрине екі бөлмесі болады, шешініп-киінетін және жуынатын жері. Бұл жер тамда Көркемжаннан басқа тағы екі адам тұрады екен — бір әйел және оның қызы.
— Міне, осы жерде тұрасың, мына әйел де тезек таптайды, жұмыстың жайын ол саған түсіндіріп береді. Ақысына күніне бір уақыт ыстық тамақ ішесің. — дейді дағы үй иесі кетіп қалады.
Сонымен, Көркемжан өзіне жұмыс және басына пана болатын жерді тапқанына қуанып, тәубашылық етеді.
— Танысып қояйық, менің есімі Көркемжан болады, жасым он жетіде. Ал сіз кім боласыз? — дейді де бой жетіп қалған қыз жаңағы әйелге қарайды.
— Ия қарағым, мына жерге отыр, таныссақ таысайық. Менің атым Тұрсын болады. Әке-шешемнің менің алдымда туған балалары өле берген соң «осы бала аман болып тұрсыншы» деп, маған Тұрсын деген есімді ырымдап қойыпты. Ал мына қыз бала менің қызым, есімі Гүлайым. — деп жауап берді жаңағы әйел. Танымайтын қызбен ашылып сөйлегеніне қарағанда мінезі ашық-жарқын көрінеді. — өзің қайдан келген жансың? Өзің көп-көрім қыз сияқтысың, мұнда қайдан тап болдың?
— Мен ел тұратын ауылды іздеп бара жатып, осы жерге тап болдым. Бұл жердің қай жер екенін де, ауылдың қай жақта екенін де мүлдем білмеймін — деп, Көркемжан басынан өткендерін Тұрсынға жасырмай айтып береді.
— Е қарағым-ай, бұл ашаршылық кезеңі кімді адастырмады дейсің. Осы ашаршылықтан қаншама ел қырылып, о дүниелік болды десеңші. Еш мойыма, тезек таптап күнімізді көрерміз, бұл сұм заман да өтер, тек жақсылыққа сенейік… — Тұрсын үн-түнсіз отырып қалды да, — мына қызым аман болса екен. Ішіп-жер тамақ болмағандықтын қызым дертке шалдыққан еді. Оны емдейтін емші де жоқ, айдалада, біреудің тезегін таптап отырған жайым осы.
Тұрсынның үстіне киген киімі жұпыны болғанымен, аса ажарлы келіншек екені байқалып тұр. Орта бойлы нәзік келген әйел әңгімесін айтып отырып, қарақаттай көздерін шайып отырған жасын орамалының шетімен сүртіп қояды. Шамамен алғанда алты-жеті жасар қызы аштықтан дертке шалдығып ісініп кеткен. Өңі шешесіне тартқан екен, қарақаттай көздері мұңға толы. Анасы «мынаны ішіп алшы, мынаны жеші жаным менің» деп қаншалықты жалынса да Гүләйім «апа, ішкім келмейді, ішсем құсамын» деп, әлсіз қолымен анасының қолын итергендей болып, үн-түнсіз жата береді. Көркемжан болса, кешке жақын, жұмыстарын тамамдағаннан кейін бұл қызға өзі білетін ертегілерді айтып, көңілін аулайды. Сондай кештерде кішкентай Гүләйімнің бозарған өңіне қан жүгіріп, «айтшы әпке, мен ертең-ақ жазылып, хан қызындай сұлу бикеш болып өсемін ғой?» деп армандайды. Сонда Көркемжан «Дұрыс айтасың, сен дертіңнен айығасың. Сен тек жақсылықты ғана ойлауың керек, ақырындап тамақ ішуің өте қажет, сонда бойыңа жабысқан дертің сенен қашып кетеді. Сен апаңа тартқансың, апаң әдемі, сен де бой түзеп сұлу қыз болып шыға келесің, маған сен Гүләйім, кішкентай ғана сұлуым» деп кішкене қызды құшақтап бетінен сүйеді.
Осылайша армандап жатып Көркемжан да, кішкентай Гүләйім де тәтті ұйқыға кетеді. Бұлардың жатқан төсектері қайбір дұрыс төсек болсын, әйтеуір төсектің ырымы дерсің. Үлкен қапша тігілген матаның ішіне қалың етіп сабан салынған екен және жастықтың тысының іші де сабанмен толтырылған. Сыз өтпесін деп төсеніштің астына қалыңдау етіп тоқылған қамыс төселіпті. Сонымен бірге, үй иесі «жамылып жатарсыңдар» деп, ескі көрпе берген екен. Соған да тәубә.
Тұрсын мен Көркемжан ертемен тұрып малдың қиын жинап тезек таптауға кіріседі. Ол шаруаны бітірген соң, алдыңғы күні тапталып, дегдіп қалған тезектерді аударып қояды. Ал бұрынырақ тапталып кепкен тезектерді араларын ашыңқырап, биік және шошақ етіп, қалап жинап қояды. Сонда, аралары ашылып, қаланып жиналған тезектер әбден кеуіп, отқа жақсы жанады. Мерзімі келгенде қой қораның тапталып қалған қиын ойып, оны да жаңағыдай қалап жинайды. Қидың қызуы мол болады. Жаңағы шошайтып жинаған тезектер мен қи әбден сыңғырлап кепкенде, оларды отын қораға, әдемілеп жинап қояды. Сөйтіп, қыстық отынды жаздай таптап, жинап алады. Арасында, Тұрсын мен Көркемжан түбірлі жусан шауып, өз қамдарын да ойлап, жинап алады. Қыстың каһарлы аязында жылуды жақсы ұстасын деп, Тұрсын, тұрып жатқан бөлменің бір жағына кән қалап салған екен. Кәннің бір бұрышына от жағатын кішкентай ошақ салыныпты. Кән деп, түтін жүретін жолдарын тік қаламай жатқызып қалайтын пешті айтады. Сонда, жағылған оттың ыстық түтіні үйді жылтып тұрады. От әбден жанып болған кезде, далаға түтін шығатын моржаны ескі киізбен тығындап, жауып қояды. Сонда жылу ұзақ уақыт сақталады. Кәннің үстіне көрпелер төсеп отырған немесе жатқан кісі рахатқа батады. Қыстың аязында тоңып келген кісі кәннің үстіне отыра немесе жата қалса бойы жылынып, оны еш ауру алмайды. Бірақ, Тұрсын мен Көркемжанда көрпе қайдан болсын, осы жылы кәннің үстіне отырғанның өзі де олар үшін бақыт еді. Орыс халқында да осындай кәнге ұқсас пештері болған, бірақ ол пеш басқаша қаланған. Сонда да болса бұл пештердің атқарар міндеті бір.
Үйдің иесінің рұқсатын алып Тұрсын мен Көркемжан тұрып жатқан үйлерінің ішін ақ балшықпен сылап қояды. Бұл әрекеттері үйлеріне недәуір әр беріп, тұрғындарының көңілдерін біраз көтергендей болады.
Бір күні Көркемжан сабаннан қуыршақ жасап кішкентай Гүләйімға сыйлайды. Кішкене қыздың қуанышында шек болмайды.
— Рахмет сізге, әпке! Енді бұл қуыршақты киіндіріп қоюымыз керек шығар… — дейді ақырын ғана кішкене періштедей болған қыз. Қанша уақыт өтсе де дертінен айығар емес. Сонда да болса Көркемжан, Гүләйімге кішкене болса да қуаныш сыйлағысы келіп, қолынан келгенінің бәрін істеп бағады.
— Әрине, жаным, дұрыс айтасың. Менде мынандай орамал бар. Осы орамалдан қуыршаққа киім тігеміз. Алдымен бұл қуыршаққа ат қояйық — деп бойжеткен қыз Гүләйімнің қызығушылығын арттыра түседі.
— Менің атым Гүләйім, апамның аты Тұрсын… — деп, кішкене қыз біраз ойланып қалады.
— Сен екі есімді қосып бір есім шығарайын деп ойланып отырсың ба? — Көркемжан кішкене қыздың ойын түсіне қояды да, — ақылдым менің, ал құрастырып көрейік.
Сонымен, екеуі ары ойлап, бері ойлап, бұл есімдердің бірнеше құрамын байқап көріп, нәтижесінде «Тұрсынгүл» деген есімге тоқтайды. Кішкене Гүләйімнің қуанғаны сонша, оның солғын тартқан өңіне әр кіргендей еді. Дертінен айыға алмай жатқан қыздың мұңын Көркемжан біраз сейілткендей болады. Осылайша, күндіз өз міндетін атқарып, қас қарайғаннан кейін кішкентай сүйкімді қыздың көңілін аулап, Көркемжан өз жайын да ұмытқан емес. Ол «осы жерден қалай кетсем екен, елді мекенді тауып елдің ішіне барсам-ау, өмір бойы біреудің тезегін таптап жүремін бе? Бұл ақылға қонбайтын жағдай екен» деп ойлайды бойында жігері бар, ақыл-ойы кең бойжеткен.
Шамамен алғанда бір жарым жылдай уақыт өткенде, дертінен айыға алмаған кішкене Гүләйім, бір күндері ұйқысынан оянбады. Ол, кішкентай әлсіз қолымен Тұрсынгүл атты қуыршағын кеудесіне қысып жатып мәңгілікке аттанған екен. Тұрсын, кішкене ботасын оятайын деп қаншалықты тырысқанмен, ол әрекетінен ештеме шықпады. Ананың қайғысында шек болмады, көзінің жасын төккенмен, ол періште қайтып оралмайды. Үй иесінің көмегімен Тұрсын мен Көркемжан Гүләйімнің мәйітін жер қойнына тапсырып, белгі болсын деп бас жағына үлкен тас қояды. Өмірден кеткен адамға Құраннан басқа ештеме қажет емес. Құран сөздерін білмесе де, Тұрсын күнделікті дұғасын оқып, қызына бағыштап отыратын болды. Өлген адамның артынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілігін жасайды. Тұрсын мен Көркемжан күнделікті жұмыстарын атқарып жүріп жатты.
— Көркем, саған көп рахмет. Менің кішкентай ботама ертегі айтып, оған қуыршақ жасап беріп көңілін ауладың. Сен оған кішкене болса да қуаныш, үміт силадың. Алланың жазуы осы болар, қолдан келер дәрмен жоқ. Сен жассың, бар өмірің алдыңда, бұл тығырықтан да шығарсың… — деді Тұрсын бір кештердің бірінде. Ол кішкене қызының тағдырын ойлап, терең ойға шомып біраз отырып қалды.
— Тәте, сіз олай деп айтпаңыз, қартайып тұрған жоқсыз, әлі де бағыңыз ашылар. Мен сізден бір нәрсе сұрасам бола ма? Бірақ сіз маған ренжімеңіз — деп, Көркемжан Тұрсынға қарады.
— Сұрай ғой, нені білгің келіп отыр?
— Кешіріңіз, Гүләйімнің әкесі қайда? Ол кісі бар ма? — осы сұрақты қоярын қойып алса да, қыз ыңғайсызданып қалды.
— Е, қарағым-ай… — Тұрсын біраз үндемей отырды дағы — Менің күйеуімді мал ұрлаушылар соққыға жығып, өлтіріп кетті. Бар малдан айрылып аштыққа тап болдық. Кәрі енем бар еді, ол кісі үйдегі барды қызым екеумізге тыққыштап берді дағы «бұл жерден кетіңдер, мен қартайдым, өлер шағым жақын. Сендер аман қалуға тырысыңдар. Менің баламнан қалған жалғыз тұяқ мына кішкене Гүләйімім. Менің жайымды ойлама, барып біреуге жалданып жұмыс істе, ішіп-жер тамақтарыңды табыңдар. Бұл қиын-қыстаң заман да өтер» деді. Бірақ, мен ол кісіні тастап кете алмадым. Біраз уақыт өткеннен кейін енем қайтыс болды. Ол кісіні жерлегеннен кейін қызымды алып, басым ауған жаққа кетіп бара жатып, біздің қожамызға кез болдым. Өзің көргендей осы жерде тезек таптап күнімізді көрдік. Бірақ, өкінішке орай қызым дертті болып айыға алмады. Ар жағын өзің де білесің… — деп, Тұрсын көзінің жасын сүртті.
— Тәте, елдің бәрі малдарынан айрылып ашаршылыққа ұшырағанда, біздің қожамыз қалайша малын сақтап қалған?
— Е қарағым-ай, билік мықтылардың қолында ғой. Бұл кісі бай болған, өкімет ұйымдастырылған шаруа — колхоз — құрамыз деп, елдің малын алып жатқанда бұл кісі жеке шаруа құрып кеткен екен. Сонымен, мына ми далада өз шаруасын ұстап отыр. Байқаған боларсың, мал бағатын жалдамалы жұмысшылары бар. Ал біз болсақ, бір табақ көже үшін тезек таптап қыстық отынын дайындап жүрміз. Сонымен, Көркемжан осы жерге келгелі екі жыл өтеді. Бір күні үй иесі келіп:
— Жағдай былай, біз бұл жерден басқа жаққа көшетін болдық. Сондықтан, қызым саған айтарым, сен еліңді тап. Ал сен, Тұрсын, бізбен бірге кетесің — дейді. Бойжеткен мен келіншек бір-біріне қарап, қожаларының не айтқалы тұрғанын аса ұғына алмады.
— Мынаның ішінде кішкене нан және шошқаның тұздалған майы бар. Ол саған жолда азық болады — дейді де үй иесі азық салынған дорбаны қызға ұсынады — мен саған ауылға барар жолды көрсетіп жіберемін. Сол жолмен жүріп отырып елді мекенге кез боласың. Сол ауылдан тұрағыңды тап. Еңбек етсең бәрі орнына келеді. Қазір тапшылық заман, жолда байқап жүр.
Сонымен, Көркемжан, он тоғызға келген бойжеткен, екі жыл бойы ыстық-суығын бірге көрген Тұрсынмен қоштасып тұрып:
— Тәте, сіз менімен бірге жүрсеңіз қайтеді? Әйтіп-бүйтіп күнімізді көрерміз — дейді.
— Жоқ, айналайын, мені уайымдап тұрғаныңа рахмет. Қайда жүрсең де аман бол! — деп, Тұрсын, өзі Көркем деп ат қойған қызды құшақтап бетінен сүйеді де, — хош-аман бол, жаным!
Қожасы көрсеткен жалғыз аяқ жолға түсіп Көркемжан «ауыл қайдасың?» деп келе жатады.
Қас қарайып қараңғы түсе бастаған кезде бойжеткен қыз қалың өскен шиді паналап көз ілгендей болады. Әбден шаршаған қыз недәуір тынығып қалады. Таң сыза жолға шығады. Ен далада ешбір жан көрінбейді. Талай жер жүргеннен кейін айдалада шошайып отырған жалғыз әйелді көріп қалады. «Қызым, бері кел» деп әлгі кісі Көркемжанды шақырады. «Бұл неғып отырған кісі екен» деп қасына жақындай бергенде, ар жағындағы ойдан, аштықтан көздері аларып кеткен ер адам еңбектеп, жылжып келеді екен. Қыз оны көріп мән-жайды түсіне қояды да қолындағы дорбасын тастай салып қаша жөнеледі. Екі күн өткенде бір ауылдың шетінде орналасқан қоймаға келіп тоқтайды. Бұл кезде күн батып, екі кештің арасы болған кез еді. Жол жүріп шаршап, қарны ашып әлсіреген қыз бір бұрышты тауып алып, отыра бергенінде:
— Кто там? Стой! — деп, мылтығын кезеген орта жастағы біреу қыздың қасына келеді.
Көркемжан қорққанынан отыра қалады. Әлгі кісі осы қойманың күзетшісі болып шығады. Жаңағы, қорқып, отыра қалған қыздың қазақ екенін көріп, әлгі кісі өзі отыратын қарауыл күркесіне қызды ертіп келеді.
— Қызым, өзің алыстан келе жатқанға ұқсайсың, қарның да ашқан болар. Мына жерге отырып мынаны жеп ал — дейді де әлгі кісі қызға бір кесек нан, шай береді де жөн сұрайды.
— Аға, мен қайдан келіп, қайда тұрғанымды да білмеймін. Әке-шешемнің, бауырымның таудың қай сайында қалғанын да білмеймін, олар тірі ме, өлі ме, оны да білмеймін — деп, Көркемжан басынан кеншкендерінің бәрін жасырмай күзетшіге айтып береді.
— Солай де қызым. Мына заманда кімнің қайда қалғанын, не күй кеншетінін еш жан білмейді. Таң ата көрерміз не істейтінімізді, әзірге мына жерге жатып, ұйқтап тынығып ал — дейді әлгі кісі қызға жаны ашып. Таңертең, кезек уақыты біткеннен кейін күзетші Көркемжанды өзінің үйіне ертіп келеді де:
— Әзірше осында тұра тұр, кейінгісін кейін көре жатармыз — дейді.
Көркемжан осы кісінің айтқанымен келіседі де осында қала тұрғанды жөн көреді.
— Аға, сізге көп рахмет, өзіңіздің қанатыңыздың астына алып, уақытша болса да маған баспана бердіңіз — деді бойжеткен, осы үйдің иесі болған күзетшіге. Ол кісі аса мейірімді болып көрінді, болмаса мүлдем танымайтын, арып-ашқан, қойманың бұрышын паналап отырған бөтен жанды өз үйіне ертіп келе ме? — аға, рұқсат болса мен үй шаруасына қолғабыс етейін.
— Жарайды қарағым, қолыңнан келсе аянып қалмассың. Міне, мына кісі менің әйелім, үй шаруасының жөнін осы тәтеңнен сұрарсың — дейді де, орта бойлы, арықша келген жаңағы үй иесі, аяқтарын ширақ басып, далаға шығып кетеді.
— Шырағым, атың кім, қайдан келесің? — деп сұрады, жаңа ғана үй иесі таныстырған тәте.
Ол кісі бойжеткеннің көзіне аса шыдамсыздау, қыңыр мінезді адам болып көрінді.
— Менің атым Көркемжан болады. Жасым он тоғызда. Қайдан келіп, қайда бара жатқанымды өзім де білмеймін.
— Білмегенің қалай, сен бір қаңғырған біреу шығарсың? Кім екеніңді жасырмай айтып бер маған, кім көрінгенді асырап-бағар жайым жоқ. — деді қатқылдау үн шығарып жаңағы әйел.
— Тәте, менен сескенбеңіз, мен ұры емеспін, қаңғыбас біреу де емеспін — деп, Көркемжан басынан өткендерінің бәрін жасырмай айтып береді.
— Солай де, қарағым… — деп, жаңағы әйел, қызға сын көзбен қарап, біраз үндемей тұрып қалады. Орта бойлы, тығыршықтай денелі әйел, үстіндегі бүрмелі шыт көйлегінің етегін ары-бері қағып-қағып жібереді де — мына ыдыстарды тазалап жу дағы осы бөлмені жина.
Жастайынан үй шаруасына үйренген бойжеткен қыз, өзіне берілген тапсырманы аса ұқыптылықпен орындады және Тана тәтенің көңілінен шыққандай болды (Тана — үй иесінің әйелінің есімі).
Бойжеткен қыздың үй жинап, үй шаруасына аса икемді екенін екі күн байқап көрген отағасы «осы қызды Орал ініме қоссам қайтеді? Мына қыз жаман емес сияқты, ініме жақсы әйел болатындай қыз екен. Түр десе түрі бар, өзі әдемі. Үй шаруасына да икемді көрінеді» деп ойлайды да, бір шешімге келеді.
— Қатын, мына қызды Орал ініме қоссақ қайтеді? Өзі пысық қыз көрінеді, — дейді үй иесі төсегіне жатқалы жатқан әйеліне.
— Қаңғырып келген қыздан басқа қыз құрып қалып па? Тегін де білмейміз — деді жұлып алғандай Тана.
— Тегін қайтейін деп едің, сорпа қылып ішесің бе? Сен де сөйлейді екенсің жоқтан өзгені. Жоқ әлде, қыз айттыратындай тыққандарың бар ма? — үй иесі әйеліне бажырайып қарады да — оттама! — деді де ары қарап жатып қалды.
— Қайдағы тыққан, не тығушы едім мен? Өзіміз күнімізді әрең көріп жүргенде… — деп, Тана күбір-күбір сөйлеп жатты да ұйқыға кетті.
Ертеңінде үй иесі ары ойлап, бері ойлап, жұмыстан келген інісіне:
— Орал, сенің үйленетін кезің келген сияқты. Мына үйде жүрген Көркемжан қызға қалай қарайсың? Өзі әдемі, Көркем десе Көркем-ақ, қолынан да іс келеді. Сен осы қызға үйлен! — дейді үзілді-кесілді, інісінің көзіне тура қарап. Тана мен Көркемжан да осы жерде тұр еді. Күйеуінің бұл сөзін естіген Тананың түрі бұзылып кетеді, әйтсе де отағасының шешіміне қарсы келе алмайды.
Бұйыра сөйлеген ағасының сөзін естіген Орал, қызға қарап, үн қатпады. Көркемжан да «бұл кісі не деп тұр?» деп ойласа да, жігітке таңырқана қарап үндемеді. Садық ағасының осы сөздерінен кейін Орал қызға көзінің қырын сала бастайды. Ол «үйленсем несі бар екен, қыз әдемі, ширақ көрінеді. Қолыма қонып тұрған құсымды ұшырып алмайын» деп ойлайды. Қыз болса «жігіт сымбатты көрінеді, тек өзіме адал, қайырымды, арқа сүйер тірегім болса болғаны да» деп ойлап, өз тағдырына қарсы келмейді.
Күндердің күнінде осы аймақтың ел билігін басқарып отырған өкімет адамдары, Оралды басқалармен бірге мал айдатып Ресей жеріне жібермекші болады.
Алыс сапарға шығатын болған Орал, «Балалар үйінде» тәрбиеленіп жатқан інісі Сайынды ойлайды. «Мен қайтып оралғанша қанша уақыт өтетінін кім білсін. Егер „Балалар үйін“ басқа жаққа ауыстырып жіберсе, мен інімді таппай қалармын» деген оймен, Орал алты-жеті жасар Сайынды «Балалар үйінен» шығарып алады да, Садық ағасының үйіне әкеледі. Өзі мал айдап Ресей жеріне кетеді.
Сонымен, Садық пен Тананың үйінде ішіп-жер ауыз көбейіп, үй иелерінің берекелері кете бастайды. Үй ішінде «ананы жеп қойды, мынаны жеп қойды» деген сөздер жиі естілетін болады. Тана да тыныш отырмай күйеуінің құлақ етін жей бастайды. Бір күні ашуға мінген Тана:
— Орал ініңді қаңғырып келген қызға үйлендірдің. Ол өзі кетті, қашан келетінін Құдай біледі. Оған қоса «Балалар үйінде» тып-тыныш, өкімет асырап жатқан баланы әкеліп тастады. Бұларды қалай асыраймыз? Өзіміз де асып-тасып жатқан түріміз мынау! — дейді күйеуіне дауыс көтеріп. Осылай айтарын айтып қалса да отағасының жалт қараған көздерінен әйел сескеніп қалады.
— Оттама, не айтып тұрсың!? Сен бе бұларды асырап жатқан? Аман болса келеді Орал!
Ол мында жұмыс істеп ақша тауып жүргенде, оның ақшасын ұстап үндемеп едің. Енді ана кішкене бала мен келін артық жеп қойды ма? Келін бала отыңмен кіріп, күліңмен шығып жүр ғой! Енді мұндай сөзіңді естімейтін болайын, қатын! — дейді де отағасы ашуға булығып сыртқа шығып кетеді.
Отағасы мен Тананың осы сөздерін кездейсоқ естіп қалған Көркемжан, шыға берісте ілулі тұрған күйеуінің күпәйкесін иығына іле салып, бұл үйден біржола шығып кетеді. Тана тәтесінің айтқан сөздері сүйегінен өтіп, намысына тиеді. Күнделікті бұрқылдап айтып жүрген сөзіне аса мән бермеуші еді, енді мына айтқандарына намысқой болған Көркемжан шыдап тұра алмады. «Сайын бала бұл үйге бөтен емес қой, оны қуа алмас Тана» деп ойлады жас келіншек.
Сол ауылда тұратын орыстардың үйлерінің маңайына, Орал, үйленгеннен кейін, далбастап үй салмақшы болады да, өз ойын жүзеге асырады. Ол бір бөлменің қабырғаларын тұрғызып, төбесін жабады. Бірақ, ол құрылысын аяғына дейін жеткізе алмайды, өйткені, өкімет оны мал айдатып Ресей жеріне жіберген деп, жоғарыда айтылды. Ол лашықтың қабырғалары тұрғызылып, төбесі жабылғанмен, есігі мен терезесі қойылмаған еді.
Күз мезгілі болатын, Көркемжан сол шала салынған лашықты паналап, бір бұрышында бүрісіп отырғанда көршілес тұрған үйдің иесі келіп:
— Дочка, ты почему здесь сидишь? Холодно ведь, тебе наверно некуда идти? Бедняжка… — деп қызға жанашырлық танытады — слышал, твой погнал скот в Россию, ничего, он приедет и все у вас будет как у людей.
Жас келіншек бұл кісінің айтқан сөздерінің бірін де түсінбейді, бірақ ол кісінің бұған аяушылық танытып тұрғанын дауыс ырғағынан, қимылынан ұғынады. Келіншек ол кісінің айтқан сөздерін қайдан түсінсін, алыс шалғайда өскен ол орыс тілін мүлдем білмейді ғой. Жаңағы кісі мән-жайды түсінеді де үйінен Көркемжанға біраз тамақ, шай әкеліп береді. Өз тілінде бір нәрселерді айтады. Келіншек, әрине оның айтқандарын түсінбей үн қатпай тұра береді.
— Дочка, ты кушай, не стой, кушай. Проголодалась наверное, ты конечно ничего не поняла из моих слов — дейді де, «тамақ іш» дегенді ыммен көрсетеді де, — я сейчас приду — деп, шығып кетеді.
Ол кісі шығып кеткен соң, қарны ашқан келіншек өзіне әкелген тамақты жеп, біраз әл жиғандай болады. Біраздан кейін жаңағы кісі, қамыстан қалыңдау етіп тоқылған төсеніш әкеліп, лашықтың бір бұрышына жайғастырады да:
— Дочка, на голой земле сидеть холодно, заболеешь. А этот камыш хоть какое-то тепло тебе даст. Сейчас я тебе принесу чем укрываться — дейді де, тағы шығып кетеді. Біраздан кейін қамыстан жұқалаң етіп тоқылған «жамылғы» алып келіп, «этим будешь укрываться» деп, ыммен түсіндіреді. Ол кісі үңірейіп тұрған есік пен терезе жаққа қарайды да «я сейчас» деп, біраздан кейін ескі матаны әкеліп, үңірейіп тұрған есік пен терезенің орнына іліп қояды.
— Теперь уже ночь, ложись спать, завтра что-нибудь придумаем, — дейді де көрші үйдің иесі шығып кетеді.
Сонымен, жас келіншек, өзін мүлдем танымайтын кісі, жанашырлық танытып, бұған жәрдем бергені үшін, ол кісінің алдында басын иіп, ризашылығын білдіреді.
Көркемжан қамыс төсенішке жатып, қамыс жамылғысын жамылып, әбден шаршағаннан ұйқтап қалады.
Ертеңінде, кешегі кісі, бір көршісімен бірігіп, Көркемжан тұрып жатқан лашыққа ағаш есік орнатып береді. Ал терезенің жақтауына тақтай шегелеп мүлдем жауып тастайды да:
— Вот теперь дочка, твое жилье стала вполне жилым, живи себе на здоровье. Сейчас оконных рам и стекол нет, поэтому я оконный проем забил досками, чтобы тебе не холодно было. Когда твой приедет, сам поставит и застеклит окно — дейді де, жан-жағына қарап, — сосед, уже осень, стало холодать, поэтому сюда надо соорудить печку.
Келіншек «печку» деген сөздің мағнасын түсініп, «ия, дұрыс айтасыз» дегендей басын изеп күлімсіреп, бұл кісілерге мүлдем бөтен болған адам үшін сонша әуре болып жүргендеріне ризалығын ыммен білдіргендей болады. Ол, арасында, «жақсы болды ғой, рахмет сіздерге» деп қазақша сөйлеп те қояды. Бірақ оның айтқан сөздерін мұнда түсініп жатқан ешкім болмады. Сонда да болса, келіншектің жақсы сөз айтып тұрғанына оның дауыс ырғағынан түсінгендей еді.
— Сосед, ты доброе дело задумал, но мне сейчас надо идти по делам. Завтра я тебе помогу, лады!? — дейді де, есік салуға көмектескен көрші өз жөніне кетеді.
Көркемжанның жайын ойлап, әуре болып жүрген кісі, шамамен алғанда елуді қамтығандай еді. Келіншектің көзіне бұл адам аса мейірімді, кішіпейіл адам ретінде көрінеді. Ұзын бойлы, шымыр денелі, жүрісі ширақ аса еңбекқор адам болып шықты. Отбасында әйелі, екі ұлы мен бір қызы бар екен және бірге тұрып жатқан үлкен шешелері бар екен. Ұлдары «колхоз» деп аталатын ұйымдастырылып ашылған шаруашылықта жұмыс істейді, ал жеті-сегіз жасар қыз баласы осы ауылдағы мектепте оқиды. Отағасын бәрі — дядя Вася, ал әйелін — тетя Маша — деп атайды екен. Оның бәрін келіншек бірден ұғып алады. Кейіннен ол да бұл кісілерді, тілі келгенше аттарымен атап кетеді. Дядя Вася, Көркемжан тұрып жатқан лашықтың бір бұрышына шағын ғана пеш салып, түтін жүретін моржасын сыртқа шығарып береді де:
— Ну дочка, теперь можно топить печку, тебя никакой холод не возьмет. Здесь же можешь готовить себе еду — дейді өз-өзіне риза болған дядя Вася.
Күйеуінің бұл әрекеттерін көрген тетя Маша үйінен анау-мынау ыдыс-аяқ әкеліп береді. Көршілері, орысы да, қазағы да шет қалмай, біреулері қасық, біреулері құмған, енді біреулері пешке қойып тамақ пісіретін кішкене қазан әкеліп береді.
— Сіздерге көп рахмет, бала-шағаларыңыздың қызығын көріңіздер! — деп, жас келіншек басын иіп, ризалығын білдіреді. Оның айтқан сөздерін орыс адамдары аса түсінбесе де, келіншектің риза екендігін түсінеді.
— Если что-нибудь нужно будет, спрашивай, не стесняйся! — дейді тетя Маша.
— Да, конечно — дейді басқалары тетя Машаны қостап.
— А что это вы ее поважаете, откуда она появилась, может быть она воровка!? — деді төбеден түскендей, шеткерірек тұрған әйел үн қатып, ол әйелдің дауысы жағымсыз, ащы шықты — смотрите, как-бы она чего не украла! — деді ол әйел тағы да.
Келіншек, өзі туралы жаман айтып тұрғанын, жаңағы әйелдің түріне қарап, және оның ащы шыққан дауысынан бірден түсінеді де:
— Жоқ, мен туралы жаман ойламаңыздар, менің барар жерім жоқ болған соң келдім мұнда. Менің күйеуім жұмыспен алысқа кетті, бұл менің күйеуімнің салған үйі! — деп, Көркемжан жылап жібереді. Оның көз жасын көрген әйелдер, жаңағы жетесіз әйелге бас салады:
— Иди отсюда, тебя никто не звал! Ты вечно о людях плохо думаешь, не видишь что-ли, молодуха в беде?! Некуда ей идти! Притом эту лачугу ее муж строил, он сейчас в отъезде!
— О, о! Раззорались, подумаешь! — деді де әлгі әйел, бірдемелерді мұрнының астынан міңгірлеп, жөніне кете барады.
— Ей келіншек, мұның сөзін тыңдама, ол өзі сондай әйел. Оны бәрі жақтыртпайды, оның сөзіне мән берме. Ол да бір пенде ғой. Өзіңнің атың кім болады? Танысып қояйық, менің атым Күләш! — дейді, әлгінде қазан әкеліп берген орта жастағы әйел.
— Мен Көркемжанмын, сізге көп рахмет… — деп, жас келіншек әлгі әйелге күлімсіреп, қарайды да, — сіз жақын тұрасыз ба?
— Ия қарағым, анау тұрған үй біздің үй. Үйде күйеуім, төрт балам және үлкен енем бар. Көмек керек бола қалса ұялмай айт, көмектесеміз.
— Көп рахмет сізге. Сізбен танысқаныма қуанып тұрмын — деп, жас келіншек бойын билеген қуаныш сезімін жасыра алмады.
— Бір қазақтың баласымыз, араласып тұрайық, үйді көрдің, келіп тұр шырағым, — дейді де көрші әйел өзінің үй жағына аяңдап кете барады.
Сонымен, Көркемжан тұрып жатқан лашық көп-көрім тамға ұқсап қалады. Келіншек дядя Васяның анау-мынау шаруаларына көмектесіп, ішіп-жер асын тауып жүріп жатады.
Күндердің күнінде ұйқтап жатса, пысылдап, біреудің қасында жатқанын сезеді де:
— Бұл кім мұнда жатқан? — деп, қорқып орнынан атып тұрады. Түн ортасы болғандықтан ол ештемені көрмеді, бірақ, қолымен сипалап жүріп біреудің денесіне қолы тиеді.
— Тәте, бұл менмін… — деді жыламсырап шыққан бала дауысы.
— Кімсің, мұнда неғып жатырсың? Тұр кәне! — десе де, келіншекке бұл дауыс таныс сияқты естіледі.
— Тәте, мен Сайынмын ғой… — деп, бала еңкілдеп жылап жібереді.
— Сен түн ішінде мені қайдан таптың? Үйден неге кетіп қалғансың?
— Тана тәте мен аға маған күн көрсетпеді. Содан кейін бір тәте сіздің қайда тұрып жатқаныңызды айтты. Сіз мені неге тастап кеттіңіз? — бала осыны айтып одан сайын жылады.
— Жаным, сен екенсің ғой. Кел, қасыма жатып ұйқтай ғой. Ертең сөйлесеміз, — келіншек күйеуінің күпәйкесін бүктеп, жастықтың орнына бас жағына салады да, қамыс жамылғыны үстеріне жауып, бала екеуі бір-біріне пана болып, жатып қалады. Көпке дейін ұйқтай алмай, келіншек«бұл не болды екен?» деп ойлаумен таңды көзімен атырады. Ал бала болса тәтесінің жылы қойнына кіріп тәтті ұйқыға енеді.
Ертемен тұрып, Көркемжан баланы оятпақшы болып қараса, баланың бет-аузы жарадан көрінбей тұр екен. Көздері ашылмай бір сызық болып, сығырайып қалған. Оны көрген келіншек «бұған не болған?» деп, шошып кетеді де:
— Сайын, балам, тұра ғой! Бетіңе не болған? — дейді.
Оның, баланың бетіне қарар дәрмені жетпейді. Не істерін білмеген келіншек, тетя Машаның үлкен шешесіне келеді де:
— Бабошка, баланың беті жарадан көрінбейді. Не істеймін? — деп, қолдарымен көрсетіп, ыммен түсіндіргендей болады да, үлкен кісінің қолынан жетектеп, өзі тұрып жатқан лашыққа ертіп келеді.
Кемпір, басында келіншектің не айтып тұрғанын түсінбесе де, баланы көрген соң мән-жайды түсіне қояды да:
— Доченька налей в казан много воды — дейді, өздерінің, даладағы ошақта орналастырылған үлкен қазанды көрсетіп. Осыдан кейін ол кісі суды көрсетеді де «мында құй» дегендей қолының қимылымен көрсетеді. Су қазанның ернеуіне жақындағанша «еще, еще» деп құйғыза береді. Содан кейін ол қазанды үлкен, ескі ағаш қақпақпен жабады да «теперь разведи огонь» деп, өзі ошаққа отын салып сіріңкемен тамызады да:
— Доченька, пусть вода долго-долго кипит. Когда выкипит вода, я тебе скажу что делать, — деп кемпір ыммен, қолының қимылымен «отты жаға бер» дегендей түсіндіреді.
Үлкен кісінің айтқанының бәрін түсінбесе де, Көркемжан, ол кісінің айтайын деп тұрған сөздерінің мағнасын болжап түсінеді. «Бұл кісі суды әбден қайнатып не істейді екен? Не де болса айтқанын істейін» деп, қазанның астына отты жаға береді. Су қайнап, таусылуға аз-ақ қалғанда келіншек:
— Бабошка, бода бітті, су бітейін деп қалды, енді не істеймін!? — дегендей екі қолын екі жаққа жайып кемпірге қарайды. Оның сұлу көздерінде «не істеймін?» деген сұрақ тұрады.
— Теперь снимем крышку и перевернем ее — дейді де кемпір қазанның қақпағын төңкеріп, жерге қояды.
Келіншек ол кісінің нені меңзеп тұрғанын түсіне қоймады. Қақпақты жерге қойғаннан кейін, кемпір пышақты алды дағы:
Бесплатный фрагмент закончился.
Купите книгу, чтобы продолжить чтение.