18+
Астана әңгімелері

Бесплатный фрагмент - Астана әңгімелері

Бәріне кінәлі жалғыз сен…

Объем: 44 бумажных стр.

Формат: epub, fb2, pdfRead, mobi

Подробнее
О книгеотзывыОглавлениеУ этой книги нет оглавленияЧитать фрагмент

БӘРІНЕ КІНӘЛІ ЖАЛҒЫЗ СЕН НЕМЕСЕ АСТАНА ӘҢГІМЕЛЕРІ
(ӨМІРДЕН АЛЫНҒАН)

***


Түн ортасы тақап қалды. Ал, Берікте ұйқы жоқ. Жұмыс қамы да емес, ой ұйықтатпайды. Бұл ой бір күндік емес, соңғы үш айдан бері ішінде жүр.

Аязды, желді, ызғарлы ерте келген қыстың түні еді. Беріктің киімі жылы. Үстінде жақында ғана Хан Шатырдан сатып алған қалың курткасы бойын қыздырып, тоңдырмайды. Берік екі қолын қалтасына салып, есік алдында тұрған көлігін айнала баяу басып, тынымсыз жүріске ауысқалы біраз болды. Кейде ақырын айтса да, қатаң, дірілдеген даусымен сүйіктісіне арнап айтатын әнін созып айтады:

Ақ гүлдер, көк гүлдер, бәрі де гүлденер,

Таңертең мазалап самал жел.

 Айлы түн астында, ақ гүлдер қасында,

Өзіңді сүйгіздің басқаға…

Әні де, сөзі де ыстық. Жас еркек жүрегін біресе өзіне қарай, біресе сүйіктісіне қарай жетелеген махаббат толқыны жаулап барады. Жүрегі жылап, сағыныш сезімі орала созылады… Ғашығына деген сағынышы… Ақмаралына деген сағынышы…

Көлігін жүз айналса да, ештеңе өзгерер емес. Сағыныш сезімі баяулау түгілі, керісінше оттай жанып, тұла бойын жандырып барады.

Беріктің ойында толқу бар. Соның бірі әйелінен қысылу, ұялу.

Білсе ренжи ме?… Бірақ, әйелімнің не жазығы бар? Әй, ренжиді-ау. Айрылыссам ба екен? Бірақ, кішкентай қызымның не жазығы бар? — деп уайымдайды, қобалжиды.

Берікті осындай ойларынан қалта телефонының шырылы алаң еткізді. Суық қолын қара шалбарының қалтасына салып жіберді. Осыдан бір жарым жыл бұрын сүйіктісі Ақмаралының сыйлаған айфонының экранына қарады. Қоңырау шалып жатқан әйелі еді. Беріктің қабағы күрт түсіп, «сүйгенім болып қалар» деген үміті су сепкендей сөнді де қалды.

Әй, осы қатынға не керек тағы? — деп мұрнының астынан күбірледі де, қоңырауға жауап берместен, телефонын өшіріп тастады.

«Қоңырауға жауап бергенім дұрыс болар ма еді? Жұлдыз бір нәрсені сезіктеніп жүрген шығар? Жо-жоқ, сезіктенетіндей ештеңе жасаған жоқпын ғой…» деген ойлары Берікті есеңгірете, басын айналдырды.

Жұлдыз — Беріктің әйелі. Екеуінің үйленісіп, табысқанына бір жылдан асты. Мектепті ғана бітіріп үлгерген Жұлдыз араға көп уақыт салмай, Берікке шекесі торсықтай қыз бала сыйлап үлгерген.

Шайтанның шашындай ұзарған бұл түн Берікті одан сайын қинай түсті. Желдің ызғары қатая түсті. Аспанға төнген қара бұлт Жаратушының қаһарын білдіріп тұрғандай. Айсыз, жұлдызсыз, суық бұл түн Беріктің сезімдерімен алаңсыз ойнап тұрғандай көрінді.

Әлгінде өзі айтып жүрген, үзіліп кеткен әні құлағына қайта естіліп, қайтадан сол бір ғажап сезімге бөлей кетті:

Бәріне кінәлі, бәріне кінәлі,

Бәріне кінәлі жалғыз сен.

Қоштасып тұрғанда, бозарып таң атты.

Бұл таңдар неліктен тез атты.

Қоштасқым келмейді, қоштасқым келмейді,

Қоштасқым келмейді өзіңмен.

Қоштасып тұрғанда, бозарып таң атты.

Бұл таңдар неліктен тез атты?!…

Осы әннің әуенімен, желдің самалымен Ақмаралдың иісі, шаштарының иісі мұрнына келеді. Иісімен бірге ілесе Ақмаралдың елесі келеді… Бірге болған бақытты шақтың елесі келеді…

***

…Беріктің арман қуып Астанаға келгеніне салмақ салар уақыт болмаған кезі еді. Кіндік қаны тамған өлкесін қимастан, жылы өлкесінен әке-шешесі мен бауырларының қас-қабағына қарамай аз-маз қаржы, өзінің өмірдегі орнын табу мақсатында, аңсаған армандарына қол жеткізу үмітімен келген болатын.

Ауылында жүрген кезінде сағымдай бұлдырайтын Астана — жылы шырайлы болып көрінгенімен, алайда Берікті құшақ жая қарсы алған жоқ. Айтуға тіл жетпейтін дамылсыз, жаз демей, қыс демей соғып тұратын желі шошытқан.

Қазақ елінің соғып тұрған жүрегі «Астананы» Есіл өзені оң және сол жағалауларға бөліп тұр. Ай мен күндей екі жағалау екі түрлі. Оң жағалау — толықсыған айдай сабырлы, қартаң. Сол жағалау — жарқыраған күндей шуақты, жап-жас. Екі жағалау да үнемі қимыл үстінде.

Жаңа астананың көріктігі мен сұлулығы ешбір сөзбен жеткізе алмайтындай, тек көзбен көретіндей — Отанның оттай мақтанышына айналған!

Берік жанына бөтен қаланы үнемі ауылымен салыстыратын. Туған жерінің топырағын сағынып, қалаға бірден сіңісе алмаған. Астаналықтар кейде тым қатал, суық болып көрінетін. Алайда, өзінің ашық мінезділігі мен тез тіл табысқыштығы жаңа таныстар, достар қатарын көбейткен. Сонымен қатар, Астанада барлық аудан, облыс, қалалардан келген (арман қуып келген) адамдар көп болғандықтан, олардың сан қатарында өзінің сыныптастары, курстас достары, ауылдастары да жетерлік еді.


…Осы қалада жүрген бірталай достары, сыныптастары жиылып, өзінше бір сауық құрған кеш болатын. Берік пен оның жан жолдасы Жартас та осы кеште болды.

Жартас Берікпен бесіктен белі шықпаған кезден бастап дос. Орта бойлы, ұсқынды келбетті, сөзшең Жартас — кез-келген қыздың басын айналдыра алатын. Оның үстіне, киім үлгісі әрі сәнді, әрі сапалы, әрі талғамы жоғары болатын. Берік Жартасқа қарағанда, жастардың тілімен айтқанда «скромно» киінетін. Қарапайым киінсе де, әсем тұлғасына жараса кететін. Келбеті аса сұлу болмаса да, өзіне тән намысшыл мінезділігі, ер жігітке тән қасиеттері Берікті көрікті ететін.

Осы сауық кешіне көбінесе оңтүстіктен келген жастар жиналған еді. Қазақ тілді, тәрбиелі, жұмыс жасап жүрген жастар, қыз-жігіттер. Жас мөлшерлері он тоғыз бен жиырма бес жас шамасындағылар. Нағыз отты, жалынды, қызу қанды жастағы жастар жиналған.

Жиналған топ әдетінше дәмхана, мейрамханада емес, бұл жолы сол жағалаудан бой тартқан «Бәйтеректің» жанындағы көпқабатты үйдің бір пәтерінде Жаңа жыл кешін тойлауға бас қосқан еді. Жаңа жылдың бірінші қаңтары болатын.

Үш бөлмелі әсем пәтердің ішінде жиырмаға жуық қыз-жігіттер кештің көңілді өтуі үшін бірде ән шырқай кетсе, бірде қазіргі заманғы музыканы қосып алып, билей жөнеліседі. Шведтік столды қажетті тағамға, арақ-шарапқа толтырған.

Осы кеште Беріктің көңілі жаңа танысқан Ақмаралға түскен. Басқа қыздармен салыстырғанда Ақмарал салмақты мінезді, көрікті, сұлу болып көрінген. Ақмаралдың шексіз әдемі әрі тұңғиық көздері Беріктің назарын еріксіз өзіне аударған. Бүкіл ғаламда Ақмаралдан басқа адам қалмағандай көрінген.

Бұл күнге дейінгі өмірінде ешуақытта айтып көрмеген, ойына келмеген бір сырын, бір сырын ғана емес бар сырын тек Ақмаралға ғана айтқысы келген Берік қыздың көңілін аулау үшін бар өнерін салып, тырысып баққан.

Әндермен, қалың думан жастар сауығымен, әр алуан көңілді ойындармен кеш қызықты өтіп жатқан.

Ақмаралға да Берік өзінің мінезімен, ашық-жарқын, жұғымды мінезімен өмірінде алғашқы рет, қатты ұнады…

Сол түні екеуі оңашада ұзақ, көп сөйлесіп, іштей қатты сыйлас, қымбат достардай, бір-бірін өмір бойы танитындай болып айырылысты…

Осы түннің артынан тағы бірнеше күн бойында Ақмаралдың жұмыстан қайтқан кезінде Берік келіп, көлігімен оны үйіне дейін жеткізіп салып, ұзақ сөйлесіп қайтушы еді.

Беріктің тілегені екеуінің достығы, махаббаты мәңгілік болуын армандайтын-ды.

Әдеттегідей, Ақмаралды жұмысынан алып қайтуға барар жолда Берік қатты қобалжып, оған деген өз махаббатын, сезімін білдіруді шешкен. Бұл кештің ерекшелігі он төртінші ақпан болғандығы еді.

Ескіше ғашықтар күні болғандықтан, сезімін білдіруге дәл осы күнді таңдаған Берік жолда гүл сататын дүкенге соғып, қызыл раушан гүлін алған. Мейрамханадан алдын-ала столға тапсырыс беріп қойған. Көп кешікпей, көзделген уақытта, әуенді музыканың сарынымен Ақмаралға сөз айтты. Осы уақытқа шейін жүрегі жауланып үлгерген Ақмарал Беріктің сөзін қабыл алып, екеуі қыз бен жігітке айнала қалған.

Дәл осы мейрамханадан шыққан соң, Ақмаралдың ешкім сүймеген шиедей қып-қызыл, балдай тәтті еріндерінен алғаш рет сүйген болатын.

Екі ғашық махаббаттың жалынымен ғашықтар күнінде, ғашықтар түнінде қауышқан.

Мен сені мәңгі сүйіп өтем, маған сенуіңе болады, тек қорықпа! — деп құлағының түбіне сыбырлаған ғашығының сөздері Ақмаралды балқытып, сезімнің отты күйіне ерітіп, Берікке берілген.

Тек саған сенемін, жаным! — дегеннен басқа ештеңе айтпаған Ақмарал келесі өмірін толықтай Берікке тапсырған.

Осылай, Ақмарал жиырма бір жасынан асқан гүлдей шағында бірден есейген.


***


Берік пен Ақмаралдың махаббаты Қозы мен Баянның, Төлеген мен Жібектің махаббатындай, күннен-күнге тек лаулай түскен. Екеуі бір-бірінсіз жалғанның бір күнін де өткізе алмайтын халге жеткен. Бір-біріне жақындай түсу үшін арасы жақын үйлерден пәтер де жалдаған.

Беріктің жасы енді ғана жиырма үштен асса да өзінің пысықтығының арқасында, ашқан шағын кәсібі домаланып, жақсы қаржы таба бастаған. Ақмарал есеп-қисапқа жақын болғандықтан, Беріктің кәсібін дамытуға көп пайдасын тигізген. Екеуінің еңбектерінің арқасында Беріктің шағын компаниясы аз уақыттың ішінде бірталай жетістіктерге де жеткен.

Қос ғашық уақыт сырғыған сайын, бақыттың бағында бастары айналып, көп ұзамай бірге азаматтық некеде тұратын болып шешкен. Астананың сол жағалауында бой көтерген он сегіз қабатты биік үйдің оныншы қабатынан бір бөлмелі, жұмыстарына тақау жерден пәтер жалдаған. Пәтердің ішіндегі барлық жиһаздары қымбат итальяндық жиһаздар, тұрмыстық техникалар, ал дизайны модерн стиліндегі көңілге қонымды, ғашықтардың ұясына айналған.

Жұмыстарынан осы ұяға асыға оралатын ғашықтар түннің жақындауын асыға күтетін. «Махаббат анасы» түнмен бірге, махаббат майданында талай мақпал түндерді бастарынан өткізген бұлар бір-бірінен жалығар емес-тін, керісінше қызығушылықтары арта түскендей.

Беріктің иісіне, құшағына әбден үйреніп кеткен Ақмарал жалғанның бір күнін де Беріксіз елестете алмайтын. Берік те Ақмаралдың әзірлейтін тағамына, тазалығына, сұлулығына, иісіне адал иттей үйреніп, болашағын тек Ақмаралмен ғана елестететін.

Күн артынан күн, ай артынан ай өткен сайын Берік пен Ақмарал шын сезімнің құлы болып, ерлі-зайыптылар секілді күн кешіп жатқан.

Қыдырыспен жалғасқан күндерді, Есілдің жағалауын бойлаған жазғы түндерді өткізіп, таңды өзеннің жағасында атыруды да шығарған.

***

Жаздың жайлы кеші болатын. Қос ғашықтың бойын сергітетін қоңыр салқын самал тұнық ауада біліне бастаған. Қызара батар қызыл күн өз ұясына кіріп, өзен жағасына айтарлықтай көрік беріп тұрған.

Бұл кезде Есіл өзенінің жағасы басқа уақытқа қарағанда ерекше көңілді болып тұрады. «Набережная» деп аталатын бұл жағада астаналықтар мен қала қонақтарының у-шуы көбейіп, олар азан-қазан болған қаладан бір сәтке демалу үшін жиналғандай көрінеді.

Астанадан белгісіз үміт күткен мыңдаған көздер қомағайлана айналаны шарлайды. Әрқайсысында бір үміт, бір мақсат, бір арман…

Лек-легімен ағылған халықтың санында шек жоқ. Астананың арманды туған күні өтіп кетсе де, жаздың жайлы жұлдызды түндері мерекелік көңіл-күймен жалғасын тапқан. Астананың түндері Петербордың «ақ түндерінен» бірде-бір кем емес. Жанып тұрған шамдардың жарығы қалаға да, жағаға да ерекше нұр беріп, нұрлы аймаққа айналдырған.

Халықтың бір бөлігі Есілдің жағасын бойлай жүрсе, бір бөлігі «жылжымалы көпірден» өзеннің сәулелі толқындарын тамашалап, ал қалғандары саябаққа қарай ағылуда. Қыдырғандардың арасында кейбірі топ-топ болып, кейбірі жалғыз, ендігі бірі қостасып жүрген жандар. Осылардың арасында ауыр жұмыс күнінен соң, демалуға Берік пен Ақмарал да келген.

Екеуінің де жаны сұлулыққа жақын болған соң, әсем көріністі жерлерді білетін. Өткінші өмірде жабырқамай, бүгінгі күнді қуана қарсы ала білетін қос ғашық демалудың ретін білетін.

Саябақтың ішінің сұлулығы шуақ шашқан таң нұрындай жарқырап, безендірілген түрлі-түсті гүлдердің хош иісі мұрынды жарып, еріксіз сезімнің сазды күйін шерткізеді.

Осы гүлдердің сұлулығын тамашалап тұрған Ақмарал ертегі әлеміне саяхаттап кеткендей, балдырған бал күнін сағынып, терең ойға шомып кеткен еді. Осы кезде Берік даланың елігіндей ыршып кетіп, гүлдердің арасынан ең әдемі деген қызыл гүлді жұлып алған. Теріс қарап, ойланып кеткен Ақмаралдың артынан келіп, Берік екі қолымен толтыра құшақтап, желкесінен түскен шашын иіскелей, қолындағы гүлін ұсынып:

Ай мүсінді Маралым менің! — деп, құлағына сыбырлап, Ақмаралды өзіне қаратып, қойнына ендіріп жіберген.

Қыздың көздері мөлдіреп:

Жаным, мен сені жанымнан да артық жақсы көремін! — деген.

Берік сүйіктісінің нәзік қолдарынан ұстап тұрып, дірілдеген қатаң, жуан даусымен сүйікті әнін шырқай жөнелген.

Ақ гүлдер, көк гүлдер, бәрі де гүлденер,

Таңертең мазалап самал жел.

Айлы түн астында, ақ гүлдер қасында

Өзіңді сүйгіздің басқаға…

— деген кезінде Ақмарал әнді бөліп жіберіп:

— Ар жағын айтпашы, жаным мен сенен басқа ешкімге өзімді сүйгізбеймін! — деп тоқтата қойған еді.

***


Күздің дауылды түні болатын. Астананың ызғарлы желі борап тұрған. Вокзалдың маңайында зулаған көліктер тынымсыз ағылып, адамдар өз шаруаларымен арпалысып жүрген уақыты еді. Тағдырдың тұтқынына түскен әйелдер мен қыз-келіншектер жұмыс орындарында селтиген.

Берік пен Ақмарал жылы киінген. Жігіт қыздың жол сөмкесін қолына ұстаған күйі бірінші жолға келіп тоқтаған пойыздың қасында шығарып салуда. Ақмаралдың орамалын өзі мойнына орап беріп, қыздың мөлдіреген көздерінен мөлтілдеп аққан жасты сүртіп, құрғатқысы келеді. Берік Ақмаралды жұбата келе, құшақтап, аймалайды.

Сен неге жылайсың, томпақ күшігім, бір айдан соң қайта ораласың ғой, кішкентайым?! — деп Берік қыздың көзінен сүйеді.

Сені қимай тұрмын, жаным.

Мен де.

Сені қатты сағынамын Берік.

Ал мен сені уже сағындым! — дескен ғашықтар ұзақ тұрып, бір-бірін қимастай қоштасқан.

Пойыз жүріп кеткенде көңіл-күйі түсіңкіреген Ақмаралдың назары енді өзінің қолдарына түскен. Саусағынан күні кеше ғана сүйіктісі сыйлаған асыл тасы бар алтын жүзігін көргенде жымиыңқырап, сәл болса да көңіл-күйі көтеріліп қалып, қалта телефонына үңілген болатын. Беріктен хабарлама келген екен. «Егер сыныптастарыңмен кездессең, достарыңмен, құрбыларыңмен хабарлассаң, интернетке, агентке кірсең өз қолыммен сені өлтіремін! Ауылыңа жеткен соң әрбір басқан қадамың жайлы сағат сайын хабарлап отырмасаң, өз қолыммен өлтіремін, жаным!» деп жазылған смс-ті оқыған кезде Ақмаралдың көздері қарауытып, қолдары дірілдеп, аққұба жүзі сұрланып кеткен еді. Отырған жерінде сұлық отырып қалды. Жан сырымен бөлісіп жүрген, сезіміне бас иіп, болашақ жарына балап жүрген сүйіктісінен келген зілді хабарламасы Ақмаралды шошытқан. Өзін «Беріктің аялаған ақ құсымын» деген ойлары нөсер жаңбырымен шайылып кеткендей.

Купенің ішінде сырын ақтара ашуға сай ешкім болмаған соң, Ақмарал іштей барлығын ойланған. Жанындағы алпыс жас шамасындағы әйелмен бір-екі ауыз сөзбен алмасумен ғана шектелген, ары қарай бүгінгі болған жайды іштей ойлап, ойдың тұңғиығына батып кеткен.

Созыла жатып, өзінің бір сәтте өзгергенін сезінген, бұл жалғанның бір орында тұрмайтынын енді ғана жақсы түсінген-ді. Болар істің болғанын, жар таңдаудан қателескенін, шегінерге жолдың жоқтығын біліп, жынды кісіше «Ақмарал, өкінбе өткенге, келмеске кеткенге» деп қайта-қайта ернін жыбырлатып, сыбырлап, өз-өзімен сөйлесіп, сан қайтара қайталап жатты.

Берікке деген сезімі суыған. Ойнап жазды дейін десе, Беріктің мінезін он саусақтай біліп алған соң, бұлай еместігін де жақсы білген-ді.

Көзі ілініп бара жатып, құлағына рельстің тықылынан басқа таныс әннің сөздері қайталана естіледі:

Сүйем деген сөздерің қайда?

Жүрегімнің дүрсілін тыңда.

Неге сонша байқамадың сен

Жалған махаббат.

Махаббаттың қадірін білмей,

Кете бардың қасымда жүрмей.

Алаулаған ғашықтық отын.

Жалған махаббат.

Саған енді сенбеймін жаным,

Бұл азапқа төзбеймін жаным.

Жүрегімді алдадың сен

Жалған махаббат!

Кеше құлағындағы әннің әуенімен ұйықтап кеткен Ақмарал, ерте оянып алған. Биік таудың басына шығып айқайлағысы келеді. Өзін сабырлыққа шақырып, жүрегі мен ақылының шайқасынан өзін толқыны тола алмай жатқан теңіздей сезінді. Ақыр соңында жүрегі жеңіп, не болса да тағдырының жазғанына көнуге бел буды. «Егер бұл балаға ойын керек болса, онда ойнайын» деп шешкен Ақмарал кеудесінде қалған шоқты тұтата түсті.

«Қостөбе» ауылының басы. Ақмарал тыныш ұзын көше бойын жағалап келеді. Бала кезінде әрбір таңына бақыт сыйлаған көше бойын жағалап келеді… Жалаңаяқ уайымсыз жүгіріп жүрген балдырған бал кездерінің сағынышын басқан көше бойын жағалап келеді… Тезектің шоғына күйдіріліп піскен тапанша нанның иісі шыққан көше бойын жағалап келеді… Кезектен қайтар төрт-түліктің қиларын көрген көше бойын жағалап келеді… Жасыл егіспен ұзақ, мол ауылды жаңғыртқан, еңбек ізін қалдырған көше бойын жағалап келеді… Үйіне қарай аяңдап келеді.

Алтын күздің самал желі Ақмаралдың мойнындағы жібек орамалын ұйтқытып ұшырады. Сүмбіл шашы желменен жарыса жұлқынады. Ақмарал ұзаққа телміріп қадала қарайды. Ендігі жүзінде ой да, қиял да, сағындырған сағыныш күлкісі де бар.

Ақмаралды иттің үргені қуантып жіберді. Құлағына таныс үрісті естіген Ақмарал аяғын жылдамдата басып, алдынан жүгіріп келе жатқан жүні үрпиген, біршама өсіп қалған сары төбетке қарай жүгірді.

«Дос деген иттей-ақ болсын!» деп ойлап, иесін танығаннан құйрығын бұлғаңдатып тұрған Малышканың мойнынан құшақтады. Бір жылдан бері осы көріністі сағынғандай еді.

18+

Книга предназначена
для читателей старше 18 лет

Бесплатный фрагмент закончился.

Купите книгу, чтобы продолжить чтение.